Қазіргі әлемде адам жан-жақты дамыған бәсекеге қабілетті тұлға болуы керек. Бұған қол жеткізуге кітап көмектесе алады! Кітапты тұрақты оқу өз ойыңды анық тұжырымдауға, қарым-қатынас шеңберін кеңейтуге, қызықты сұхбаттасушы болуға және өмірден ләззат алуға мүмкіндік береді.
1 ақпанда III облыстық «#ОқыЖәнеЖең» онлайн кітап оқу байқауы басталады. Қостанай облысының әрбір тұрғынының кітап оқып қана қоймай, ол үшін 50 000-нан 150 000 теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар алуға мүмкіндігі бар!
Байқау қазақ және орыс тілдерінде үш жас санаты бойынша өткізіледі:
- 10 жастан 14 жасқа дейін (қоса алғанда);
- 15 жастан 18 жасқа дейін (қоса алғанда);
- 19 жас және одан жоғары.
Қатысу үшін барлық ниет білдірушілер 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап байқаудың ресми сайтында – http://kitap10.kz тіркеліп, сайтта көрсетілген сілтеме бойынша Telegram-дағы өз жас санаттары тобына өтуі және белгіленген мерзімде қазылар алқасы мен тартылған сарапшылар өз санаттары үшін таңдаған кітаптарды қазақ немесе орыс тілдерінде оқып шығуы қажет және белгіленген күні онлайн тестілеуден өтуі керек.
Бірінші кезеңде қатысушылар қазақстандық авторлардың кітаптарын оқиды. Екінші кезеңде қазақ тілінде жазатын, бірақ Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын авторлардың және орыс тілінде жазатын ТМД елдері авторларының кітаптары оқылады. Үшінші кезеңде қазақ және орыс тілдеріне аударылған шетелдік авторлардың кітаптары ұсынылады.
Финалистер үш кезеңде жинаған ұпайлардың жалпы саны бойынша анықталады. Шешуші финалдық кезең офлайн нысанда Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, Ы. Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында, орталық қалалық және аудандық кітапханаларда өтеді және жүлделі орындар оқылған барлық үш кітап бойынша берілген тақырыпқа эссе жазу нәтижелері бойынша бөлінеді.
Кітап оқып, сыйлық алыңыздар! Барлығыңызға сәттілік тілейміз!